kk_obs/49.md

10 KiB
Raw Permalink Blame History

49. Құдай орнатқан Жаңа Келісім

Frame 49-01

Иса дүниеге келер алдында періште Мәриям есімді қызға көрініп, Құдайдың Ұлын дүниеге әкелетіні туралы айтты. Мәриям пәк қыз болатын, бірақ ол Киелі Рухтың құдіретімен жүкті болды. Мәриям ұл туып, Оның атын Иса деп қойды. Сондықтан Иса — адами және Құдайлық болмысқа ие.

Frame 49-02

Иса Өзінің Құдайлық болмысын көрсететін көптеген кереметтер жасады. Ол су бетімен жүріп, дауылды тоқтатты. Ауруларды сауықтырып, жындарды қуды. Иса өлген адамдарды тірілтіп, бес күлше нанмен және екі балықпен бес мыңнан аса адамды тамақтандырды.

Frame 49-03

Иса ұлы Ұстаз болды. Оның тәлімдерінің бәрі шындық. Сондықтан Исаның айтқандарын орындау керек, өйткені Ол — Құдайдың Ұлы. Иса айтқан ең басты тәлімдердің бірі мынау: өзіңді қалай сүйсең, басқаларды да солай сүй.

Frame 49-04

Сонымен қатар Иса Құдайды шын жүректен сүюге, тіпті өзіндегі бардың бәрінен артық сүюге үйретті.

Frame 49-05

Иса осы дүниенің бүкіл байлығын иемденгеннен гөрі, Құдайдың Патшалығына кірудің маңызды екенін айтты. Оның Патшалығына кіре алуың үшін Құдай сені күнәларыңның жазасынан құтқару керек.

Frame 49-06

Иса кейбір адамдардың Оны қабылдайтынын және Құдайдың оларды құтқаратынын айтты. Бірақ Оны қабылдамайтын адамдар да болады. Иса кейбір адамдардың құнарлы топыраққа ұқсайтынын айтты. Құдай Сөзі тұқым сияқты осындай топыраққа түсіп, өніп шығады. Мұндай адамдар Исаны қабылдайды және Құдай оларды құтқарады. Басқа адамдар жол бойындағы құнарсыз топырақ сияқты. Құдай Сөзі тұқым сияқты осындай топыраққа түседі, бірақ өнбейді. Мұндай адамдар Исаны қабылдамайды. Олар Оның патшалығына кіруден бас тартады.

Frame 49-07

Иса Құдайдың барлық адамдарды, тіпті күнәкарларды да сүйетінін айтты. Ол бәрін кешіріп, Өзінің балалары ретінде қабылдағысы келеді.

Frame 49-08

Адам ата мен Хауа ана күнә жасағандықтан, олардың бүкіл ұрпағы да осы дүниеге күнәкар болып келеді. Адамдардың бәрі күнә жасаған, сол себепті Құдайдан алыс өмір сүреді. Олар жасаған күнәлары арқылы Құдайға қас.

Frame 49-09

Бірақ Құдайдың адамдарды сүйетіні соншалық, Өзінің жалғыз (рухани) Ұлын құрбандыққа берді. Құдай Исаға сенетіндерді жазаламайды, қайта Оған сенушілердің бәрі Онымен бірге мәңгі өмір сүреді.

Frame 49-10

Күнәкар болғандықтан, сен де өлімге лайықтысың. Құдайдың сені жазалағаны дұрыс болар еді. Бірақ күнәларың үшін сенің орныңа Иса жазаланды. Исаны айқыш ағашқа шегелегенде, Құдай саған тиісті жазаны Оның мойнына артты.

Frame 49-11

Иса ешқашан күнә жасаған емес. Сонда да Ол күнәнің жазасын Өз мойнына алып, айқыш ағашта азапталып өлді. Иса сенің және осы дүниедегі әрбір адамның күнәсін Өз мойнына алған мінсіз құрбандық болды. Иса адамдардың күнәлары үшін құрбан болды, сондықтан Құдай Оған сенген әркімнің ең ауыр күнәларын да кешіреді.

Frame 49-12

Күнәның жазасынан сені көптеген игі істерің де құтқара алмайды. Құдаймен татуласып, Оның досы болу үшін өз бетіңмен ештеңе істей алмайсың. Бұл үшін Исаның Құдайдың Ұлы екеніне, Оның айқыш ағашта сен үшін құрбан болғанына және Құдайдың Исаны өлімнен қайта тірілткеніне сенуің керек. Егер соған сенсең, онда Құдай сенің барлық күнәларыңды кешіреді.

Frame 49-13

Исаға сеніп, Оны өзінің Иесі ретінде қабылдаған әрбір адамды Құдай құтқарады. Бірақ Исаға сенбегендерді Ол құтқармайды. Сенің бай не кедей, еркек не әйел, кәрі не жас болғаның және қайда тұратының мүлдем маңызды емес. Құдай сені сүйеді. Ол сенің Исаға сеніп, Оның досы болғаныңды қалайды.

Frame 49-14

Иса сені Оған сенуге және шомылдыру рәсімінен өтуге шақырады. Исаның Мәсіх және Құдайдың жалғыз Ұлы екеніне сенесің бе? Өзіңнің күнәкар екеніңе және күнәларың үшін Құдайдың жазасына лайықты екеніңе сенесің бе? Сенің күнәларың үшін Исаның айқыш ағашта құрбан болғанына сенесің бе?

Frame 49-15

Егер сен Исаға сенім артып, Оның сен үшін істеген істерін ашық жариялайтын болсаң, онда Мәсіхтің шәкірті боласың. Шайтан түнек патшалығында енді саған билігін жүргізе алмайды. Құдайдың Өзі нұрлы Патшалығынан саған бағыт беріп тұрады. Құдай саған күнәға қарсы тұратын күш беріп, жаңа, дұрыс өмір сүру салтына үйретеді.

Frame 49-16

Егер Исаға сенген болсаң, онда Оның құрбандығы арқылы Құдай сенің күнәларыңды кешірді дегенді білдіреді. Енді Құдай сені Өзінің жауы емес, жақын досы ретінде қабылдайды.

Frame 49-17

Егер сен Құдайдың досы және Исаның қызметшісі болсаң, ал Иса сенің Иең болса, онда сенің бойыңда Исаның сөздерін орындайтын тілек пайда болады. Бірақ сен Исаның шәкірті болсаң да, шайтан сені күнә жасауға азғыратын болады. Шайтан сені Исаның сенімсіз шәкірті болуға түртіп тұрады. Әйтсе де Құдай әрқашан уәдесіне берік, айтқанын орындайды. Егер күнәларыңды мойындап, Құдайдың алдына келіп кешірім сұрасаң, Ол күнәларыңды кешіріп, саған күнәмен күресетін күш береді.

Frame 49-18

Құдай сенің Киелі кітапты оқып-зерттеп, мінажат еткеніңді қалайды. Сонымен қатар Ол Исаның жолымен жүретін басқа сенушілермен бірге Оған сиынғаныңды қалайды. Оның сен үшін не істегенін басқаларға айтуың керек. Егер Құдайдың осы тапсырғандарының бәрін орындайтын болсаң, онда Құдаймен өзара достық қарым-қатынасың нығая түседі.

Римдіктерге арналған хат 3:21-26, 5:1-11, Жохан жазған ізгі хабар 3:16, Марқа жазған ізгі хабар 16:16, Қолостықтарға арналған хат 1:13-14; Қорынттықтарға арналған хат 2-хат 5:7-21 және Жохан 1-хаты 1:5-10