kk_obs/47.md

7.3 KiB
Raw Permalink Blame History

47. Пауыл мен Сыйластың Філіпіге баруы

Frame 47-01

Саул Рим патшалығын аралап, Мәсіх туралы уағыздап жүргенде, өзінің Пауыл деген римдік атын қолдана бастады. Бір күні Пауыл мен оның досы Сыйлас Иса Мәсіх туралы уағыздау үшін Філіпі қаласына барды. Олар сенушілер жиналып, дұға ететін қала сыртындағы өзенге келді. Солардың арасында қымбат маталар сататын Лүдия есімді әйел болды. Лүдия Құдайды сүйіп, Оны қастерлейтін.

Frame 47-02

Құдай Пауылдың уағыздарын түсіну үшін Лүдияның жүрегін жібітіп қойған еді. Содан ол Исаға сенді. Пауыл мен Сыйлас Лүдияны және оның отбасын шомылдыру рәсімінен өткізді. Осыдан кейін ол елшілерді үйіне шақырып, қонуларын өтінді. Олар келісті.

Frame 47-03

Яһудилер мінажат ететін жерде Пауыл мен Сыйлас адамдармен жиі кездесетін. Бір жолы олар сол жерге бара жатқанда, оларға сәуегейлік жасайтын жыны бар бір малай қыз кез болды. Сол қыз өзінің арам көріпкелдігімен қожайындарына көп ақша түсіреді екен.

Frame 47-04

Әр күні әлгі қыз Пауыл мен Сыйластың арттарынан қалмай: «Мына кісілер — Жаратушы Құдайдың қызметшілері. Олар сендерге құтқарылу жолын уағыздайды!» — деп айқайлап жүрді. Ол әр күні осылай еткендіктен Пауыл ашуланады.

Frame 47-05

Бір күні малай қыз тағы да айқайлай бастағанда, Пауыл оған бұрылып, оның ішіндегі зұлым рухқа: «Исаның атынан саған бұйырамын, шық оның бойынан!» — деді. Зұлым рух сол сәтте-ақ малай қыздың бойынан шығып кетті.

Frame 47-06

Ал қыздың қожайындары қатты ашуланды. Олар бұл зұлым рухсыз малай қыздың болашақты болжай алмайтынын түсінді. Ал бұл өздерінің пайда көзінен айырылғанын білдірді.

Frame 47-07

Малай қыздың қожайындары Пауыл мен Сыйласты римдік басшылардың алдына әкеліп, олар қалада бүлік туғызып жүр деп айыптады. Бұл айыптауларға қалың жұртшылық та қосылды. Басшылар елшілерді таяқпен дүре соқтырып, түрмеге тастауды бұйырды.

Frame 47-08

Түрменің күзетшілері Пауыл мен Сыйласты ішкі зынданға тастап, аяқтарын ағаш қысқыштармен бұғаулап қойды. Түн ортасында Пауыл мен Сыйлас Құдайды мадақтап, ән айта бастады.

Frame 47-09

Кенет қатты жер сілкінісі басталды. Түрменің барлық есіктері айқара ашылып, бүкіл тұтқындардың аяқтарындағы шынжырлары шешіліп, түсіп қалды.

Frame 47-10

Түрме бастығы оянып, есіктердің ашық екенін көрді. Ол тұтқындардың барлығы қашып кетті деп ойлап, қатты қорқып, өзін өлтірмекші болады. Өйткені тұтқындар қашып кететін болса, сол үшін оны өлім жазасына кесетін еді. Оны байқаған Пауыл: «Тоқта! Өзіңе қол жұмсама. Біз бәріміз осындамыз», — деп айқайлап жіберді.

Frame 47-11

Түрме бастығы қорыққанынан дірілдеп, Пауыл мен Сыйластың қасына барып, оларды түрмеден шығарады. Содан кейін: «Мырзалар, құтқарылуым үшін не істеуім керек?» — деп сұрайды. Сонда Пауыл: «Иеміз Иса Мәсіхке сен, сонда өзің де, үй ішің де құтқарыласыңдар!» — деп жауап қатты. Түрме бастығы Пауыл мен Сыйласты үйіне апарып, жараларын жуды. Пауыл сол үйдегілерге Иса туралы Ізгі хабарды айтып берді.

Frame 47-12

Түрме бастығы мен оның бүкіл үй іші Исаға сенді. Пауыл оларды шомылдыру рәсімінен өткізді. Содан кейін, түрме бастығы Пауыл мен Сыйласты тамақтандырып, бүкіл үй ішімен бірге Құдайға сенгендеріне қатты қуанды. Ал Пауыл мен Сыйлас түрмеге қайта оралды.

Frame 47-13

Келесі күні Пауылдың Римнің азаматы екенін естігенде әкімшілер Пауыл мен Сыйласты босатып, Філіпіден кетулерін өтінді. Олар Лүдия мен басқа да достарына барып, содан кейін қаладан шығып кетті. Иса туралы Ізгі хабар кең тарай бастады, ал қауым өсе берді.

Frame 47-14

Пауыл мен қауым жетекшілері көптеген қалаларды аралап, Иса туралы уағыздап, адамдарға тәлім беріп жүрді. Олар сенушілерді жігерлендіріп тәлім беру үшін әртүрлі қауымдарға көптеген хаттар жазды. Кейбір хаттар Киелі кітапқа енді.

Елшілердің істері16:11-40 үзіндісінен алынған Киелі кітап әңгімесі