kk_obs/21.md

9.7 KiB
Raw Permalink Blame History

21. Құдайдың Мәсіх туралы уәдесі

Frame 21-01

Құдай осы әлемді жаратқан кезде, болашақта осы дүниеге Иса Мәсіхті жіберетінін білген еді. Құдай бұл туралы Адам ата мен Хауа анаға уәде етті. Ол әйелдің Ұрпағы жыланның басын мыжитынын айтқан еді. Сол жылан шайтан болатын. Ол жылан кейпінде келіп Хауа ананы алдады. Құдай әйелдің Ұрпағы жыланның басын мыжиды дегенде, Мәсіхтің осы дүниеге келіп шайтанды біржола жеңетіні туралы білдірген еді.

Frame 21-02

Құдай Ыбырайымға оның ұрпағы арқылы жер бетіндегі барлық халықтарды жарылқайтыны жөнінде уәде берген еді. Құдай бұл уәдесін болашақта Мәсіхті жіберу арқылы орындамақшы болды. Мәсіх осы дүниеге келгенде, барлық халықтардың адамдарын күнәларынан құтқаратын болады делінген.

Frame 21-03

Құдай Мұсаға болашақта ол сияқты бір пайғамбарды жіберетінін айтып уәде еткен болатын. Осылайша Құдай Мәсіхті жіберетіні туралы уәдесін тағы да қайталады.

Frame 21-04

Құдай Дәуітке де оның ұрпағынан Мәсіхтің шығатыны жайлы уәде берген еді. Құдай осы Ұрпақтың Патшасы болып, Құдайдың халқына мәңгі билік құратынын айтты.

Frame 21-05

Құдай Еремия пайғамбарға адамдармен Жаңа Келісім жасайтынын айтты. Бұл Келісім Құдайдың Исраилмен Синай тауында жасаған Көне Келісімінен өзгеше: онда барлығы да Құдайды жақыннан танып білетін болады. Құдай өз тәлімін адамдардың ақыл-саналарына дарытып, жүректеріне жазып қоятынын айтты. Осындай әрбір адам Құдайды сүйіп, Оның өсиеттерін орындауға ұмтылатын болады. Ол олардың Құдайы, ал олар Оның халқы болады. Құдай олардың күнәларын кешіріп, бұдан былай есіне алмайтын болады. Мәсіх адамдармен осындай Жаңа Келісім жасайды.

Frame 21-06

Құдайдың пайғамбарлары болашақта келетін Мәсіхтің пайғамбар, діни қызметкер және патша болатынын да айтты. Пайғамбар — Құдайдың сөзін естіп, оны халыққа жеткізетін адам. Құдай уәде еткен Мәсіх кемелді пайғамбар болады. Ол Құдайдың сөзін толықтай естіп, түсініп, адамдарға үйрететін болады.

Frame 21-07

Исраилдің діни қызметкерлері халық үшін Құдайға мінажат етіп, халықтың атынан құрбандыққа мал шалатын. Осы құрбандықтар адамдардың күнәларына бола келетін жазадан құтқару үшін берілетін. Адамдар діни қызметкерлерге мінсіз малдарды алып келетін, ал олар сол малдарды Құдайға құрбандыққа шалатын. Мәсіх Өзін Құдайға мінсіз құрбандық ретінде ұсынатын кемелді Бас діни қызметкер болуы керек еді. Бұл Мәсіхтің күнәсіз болып, Өзін құрбандыққа беруі арқылы күнәлардың құнын өтегенін білдірді, енді басқа құрбандықтың қажеті жоқ болды.

Frame 21-08

Әр халықтың өз патшасы мен билері болды. Олар Құдайды танып білмегендіктен Оған ұнамайтын істерді жасады. Дәуіт исраилдіктерге ғана билік құрған болса, Дәуіттің Ұрпағы Мәсіх бүкіл әлемге билік жүргізетін болады. Ол әділдікпен, даналықпен мәңгі билік жүргізеді.

Frame 21-09

Құдайдың пайғамбарлары Мәсіхтің қандай болатынын сипаттаған. Малахи пайғамбар Мәсіхтің алдында Ілияс пайғамбардың келетінін айтқан. Ол маңызды қызмет атқарды. Ишая пайғамбар Құтқарушы Мәсіхтің пәк қыздан туылатынын айтқан. Ал Миха пайғамбар Мәсіхтің Бетлехем қаласында дүниеге келетінін көрсеткен.

Frame 21-10

Ишая пайғамбар Мәсіхтің Ғалилея өлкесінде тұратыны жөнінде жазған. Ол жаралы жүректерді жұбатып, тұтқындардың босатылатынын жариялайды. Мәсіх ауруларды, тіпті саңыраулар мен зағиптарды және сал адамдарды да сауықтыратын болады деп жазған.

Frame 21-11

Ишая пайғамбар Мәсіхті себепсіз жек көріп, Оны қабылдамайтыны жөнінде де айтқан. Басқа пайғамбарлар Мәсіхпен бірге жүрген адамның Оған опасыздық жасайтынын жазған. Зәкәрия пайғамбар сол адам опасыздық жасағаны үшін отыз күміс теңге алатынын айтты. Ал басқа пайғамбарлар адамдардың Мәсіхті өлтіріп, Оның киімін жеребе тастап бөлісіп алатындары жайлы жазған.

Frame 21-12

Пайғамбарлар Мәсіхтің қандай өліммен өлетінін болжаған еді. Ишая пайғамбар алдын ала мыналарды да айтты: адамдар Оның бетіне түкіріп, мазақ қылып, ұрып-соғады. Олар Исаның өлгенін тексеру үшін бүйіріне найза сұғып алады. Иса Мәсіх ешқандай зұлымдық жасамаса да, азап шегіп өледі.

Frame 21-13

Пайғамбарлар Мәсіхтің еш күнәсіз, мінсіз болатыны туралы да айтқан еді: «Ол кемелді адам болады. Бірақ Иса Мәсіх бүкіл адамзаттың күнәсін Өз мойнына артып, сол үшін жанын қияды. Оның құрбандық өліміне сену арқылы адамдар енді Құдаймен татуласа алады». Сол себепті Құдайдың жоспары бойынша Мәсіх құрбан болуға тиіс еді.

Frame 21-14

Пайғамбарлар Құдайдың Мәсіхті өлімнен қайта тірілтетіні жайлы да айтқан болатын. Исаның өліп, қайта тірілуі арқылы Құдайдың адамзатпен Жаңа Келісім жасағанын көреміз. Бұл Құдайдың жоспары болған еді. Осылайша Құдай күнәға батқан адамдарды құтқаруды көздеді.

Frame 21-15

Құдай пайғамбарларға Мәсіх туралы көп шындықты ашып берген болатын, бірақ олардың ешқайсысы Мәсіхті көре алмай кетті. Соңғы пайғамбарлық сөздердің айтылғанына төрт жүз жыл өтті. Осылай Өзінің белгілеген уақытында Құдай осы дүниеге Мәсіхті жіберді.

Жарат. 3:15; 12:1-3; Заң.қайт 18:15; 2 Патш 7; Еремия 31; Ишая 59:16; Даниял 7; Малахи 4:5; Ишая 7:14; Миха 5:2; Ишая 9:1-7; 35:3-5; 61; 53; Жыр 21:19; 34:19; 68:5; 40:10; Зәкәрия 11:12-13; Ишая 50:6; Жыр 16:10-11-тараулардан алынған Киелі кітап әңгімесі.