kk_obs/18.md

6.4 KiB
Raw Permalink Blame History

18. Бөлінген патшалық

Frame 18-01

Дәуіт патша 40 жыл бойы билік құрды. Ол дүниеден озғаннан кейін Исраилді оның ұлы Сүлеймен басқарды. Құдай Сүлейменге сөзін арнап, одан не қалайтынын сұрайды. Сүлеймен Құдайдан халықты басқаратын даналық сұрады. Бұл жауап Құдайға ұнады, сондықтан Ол оны әлемдегі ең данышпан адам етті. Сонымен қатар Құдай Сүлейменді дана билеуші етіп, оған көп байлық сыйлады.

Frame 18-02

Иерусалимде Сүлеймен әкесі Дәуіт салғысы келген ғибадатхананы тұрғызды. Оны Дәуіт көзі тірісінде тұрғызамын деп, тіпті керек жабдықтарды да жинап қойған болатын. Енді халық Құдайға киелі шатырда емес, ғибадатханада сиынып, сол жерде Құдайға құрбандық шалатын болды. Құдай киелі үйде Исраил халқымен бірге болды.

Frame 18-03

Сүлеймен патша қанша дана болғанымен, Құдайға мойынсұнбады. Сүлеймен шетелдік әйелдерге ғашық болды. Құдай бөтен халықтардан әйел алуға тыйым салса да, ол көп әйел алды. Сол әйелдер өздерімен бірге жалған құдайларын ала келіп, оған сиынатын. Сүлеймен де қартайған шағында солардың құдайларына табына бастады.

Frame 18-04

Құдай осы істері үшін Сүлейменге ашуланып, оның өлімінен кейін Исраил халқын екі патшалыққа бөліп жазалайтынын айтады.

Frame 18-05

Сүлеймен қайтыс болған соң, оның ұлы Рохабоғам патша болды. Бүкіл Исраил халқы оны патша етіп бекіту үшін жиналды. Сонда халық Рохабоғамға Сүлейменнің халыққа ауыр жүк артып, көп салық салғанын айтып шағымданады. Олар Рохабоғамнан жұмыстарын жеңілдетуін сұрайды.

Frame 18-06

Бірақ Рохабоғам оларға: «Әкем Сүлеймен сендерге ауыр жүк артып қойды дейсіңдер. Ал мен оның үстіне тағы қосып беремін, сендерді одан да ауыр азапқа саламын!» — деп ақымақтықпен жауап қайтарды.

Frame 18-07

Осы сөздерді естіген халықтың көпшілігі Рохабоғамға қарсы шықты. Исраилдің он руы Рохабоғамның патшалығында қалғысы келмеді және оны патша ретінде мойындаудан бас тартты. Рохабоғаммен бірге тек екі ру ғана қалды, олар Яһуда немесе Яһудея патшалығы деп аталды.

Frame 18-08

Қалған он ру өздеріне Еробоғам есімді адамды патша етіп тағайындады. Осы он ру елдің солтүстік жағында тұрды. Олар Исраил патшалығы деп аталды.

Frame 18-09

Исраил патшасы Еробоғам жаман патша болып шықты. Ол Құдайға мойынсұнбай халықты күнә жасауға көндірді. Еробоғам өз халқы табынатын екі жалған тәңір мүсінін орнатып қойды. Енді халық киелі үйде Құдайға сиыну үшін Яһудея аймағында орналасқан Иерусалимге бармайтын болды.

Frame 18-10

Яһудея мен Исраил бір-бірімен жауласып, жиі соғысып өмір сүрді.

Frame 18-11

Жаңа Исраил елінің патшаларының барлығы жаман болды. Бұл патшалардың орнына патша болғысы келген басқа исраилдіктер олардың көбін өлтірген еді.

Frame 18-12

Исраилдің патшалары мен халқының көпшілігі жалған тәңірлерге табынатын. Бұл кезде олар көбіне азғындыққа салынып, тіпті өздерінің балаларын құрбандыққа шалатын.

Frame 18-13

Яһуданың патшалары Дәуіттің ұрпақтары болды. Олардың кейбіреулері әділ билік жүргізіп, Құдайға ғибадат ететін жақсы адамдар болған. Бірақ Яһуда патшаларының көбі жалған құдайларға табынатын жаман билеуші болды. Сол патшалардың кейбіреулері өз балаларын жалған құдайларға құрбандыққа шалатын. Яһуда елінің көптеген тұрғындары да Құдайға қарсы шығып, жалған құдайларға табынатын.

Пат.3-ж. 1-6; 11-12 тараулардан алынған Киелі кітап әңгімесі