kk_obs/09.md

6.9 KiB
Raw Permalink Blame History

9. Құдайдың Мұсаны шақыруы

Frame 09-01

Жүсіп дүние салғаннан кейін оның туыстары Мысыр елінде қоныстап қалды. Олар ұрпақтарымен сол жерде ұзақ тұрып, өсіп-өніп көбейді. Оларды исраилдіктер деп атады.

Frame 09-02

Арада жүздеген жылдар өтіп, исраилдіктердің саны тым көбейіп кетті. Мысырлықтар Жүсіпті және оның жасаған жақсылықтарының бәрін ұмытты. Исраилдіктердің көбейгені соншалық, мысырлықтар олардан қорқа бастады. Сондықтан Мысыр елінің патшасы исраилдіктерді құлдыққа салды.

Frame 09-03

Мысырлықтар исраилдіктерді зәулім үйлер, тіпті үлкен қалалар соғуға мәжбүрледі. Ауыр жұмыстардың кесірінен Исраил халқының жағдайы қиындай түсті. Алайда Құдай исраилдіктерді жарылқап, олардың ұрпақтары өсіп-өніп көбейе берді.

Frame 09-04

Перғауын исраилдіктердің балаларының көптеп туылып жатқанын көрді. Сонда патша өз халқына исраилдіктердің жаңа туылған ұл балаларын Ніл өзеніне лақтырып өлтіруді бұйырды.

Frame 09-05

Сол уақытта бір исраилдік әйел ұлды болып, оны ұзақ уақыт бойы жасырып жүрді.

Frame 09-06

Баланы бұдан әрі жасыра алмайтындықтан, оны өлімнен сақтап қалу үшін анасы баланы себеттің ішіне салып, Ніл өзенінің жағасындағы қамыстың арасына қалдырып кетеді. Баланың әпкесі онымен не болар екен деп аңдып тұрды.

Frame 09-07

Сол мезгілде перғауынның қызы Ніл өзеніне суға түсуге келді. Ол су жағасынан себетті байқап, ішін ашып қарады. Нәрестені көргенде оны аяп кетті. Сол жерде жүрген сәбидің әпкесі перғауынның қызына баланы емізетін исраилдік әйелді алып келейін деп ұсынды. Сөйтіп перғауынның қызы сәбиді емізетін әйел жалдады, бірақ сол әйелдің өзі сәбидің туған анасы екенін білмеді. Бала өсіп, омыраудан шыққаннан кейін анасы оны перғауынның қызына қайтарып берді. Ол баланы асырап алып, оған Мұса деген ат қойды.

Frame 09-08

Мұса ер жетті. Бір күні Мұса мысырлықтың исраилдік құлды ұрып-соғып жатқанын байқап қалды. Мұса өзінің ұлттасына болысып, оны құтқаруға тырысты.

Frame 09-09

Мұса жан-жағына қарап, ешкімнің жоқ екеніне көз жеткізген соң, мысырлықты өлтіріп құмға көміп тастайды. Бірақ сол қылмыс жасырын қалмады.

Frame 09-10

Мұсаның істеген ісі туралы естіп қойған перғауын оны өлтіруге бұйрық береді, бірақ Мұса Мысырдан айдалаға қашып кетеді. Перғауынның жауынгерлері Мұсаны таба алмады.

Frame 09-11

Мысырдан алыс жерде, елсіз далада Мұса қой бағып жүрді. Сол елден әйел алып, екі ұлды болады.

Frame 09-12

Мұса қайын атасының қойларын бағып жүрді. Бір күні ол жанып тұрса да, өртеніп кетпейтін тікенді бұтаны көрді. Анықтап қарау үшін Мұса оның жанына келді. Жанып тұрған бұтаға жақындағанда Құдай оған: «Мұса, аяқкиіміңді шеш! Сен тұрған жер киелі», — деді.

Frame 09-13

Содан кейін Құдай былай деді: «Мен халқымның көрген азаптарын түгел білемін. Мен исраилдіктерді Мысырдағы құлдықтан азат ету үшін сені перғауынға жіберемін. Мен оларға Ыбырайым, Ысқақ пен Жақыпқа уәде еткен Қанахан жерін беремін».

Frame 09-14

Мұса былай деп сұрады: «Егер халық менен сені кім жіберді деп сұраса, оларға не деп жауап беремін?» Сонда Құдай былай деп жауап берді: «МЕН МӘҢГІ БАР БОЛУШЫМЫН». Оларға «Мәңгі Бар Болушымын деген мені сендерге жіберді», - деп айт. Исраилдіктерге тағы былай деп айт: «Мен Ата-бабаларыңның Құдайы, Ыбырайым, Ысқақ, Жақыптың сиынған Құдайы — Жаратқан Иемін. Менің атым мәңгі бақи осылай болмақ».

Frame 09-15

Мұса қорыққандықтан әрі сөзге шорқақ болғандықтан, перғауынға барғысы келмеді. Сондықтан Құдай оған көмекші ретінде ағасы Һаронды жіберді.

Мысырдан шығу 1-4-тарауларынан алынған Киелі кітап әңгімелері