kk_obs/04.md

5.6 KiB
Raw Permalink Blame History

4. Ыбырайым мен Құдайдың арасындағы Келісім

Frame 04-01

Топан судан кейін көп жыл өткенде жер бетінде адамдар тағы да көбейді. Олар зұлым пиғылдарынан бас тартпады, осылайша Құдайға және бір-біріне қарсы күнә жасай берді. Сол уақытта адамдардың бәрі бір тілде сөйлеген еді. Құдай оларға «жер бетін толтырыңдар» деген болатын. Бірақ олар, керісінше, Құдайға мойынсұнбай, бір жерге жиналып мұнара тұрғыза бастады.

Frame 04-02

Адамдар тым тәкаппар болды. Олар қалай өмір сүру керектігі жөніндегі Құдайдың өсиеттеріне мойынсұнғылары келмеді. Олар тіпті өздерінің атын шығарып, жер бетіне бытырап кетпес үшін төбесі көкке жететін биік мұнара сала бастады. Егер олар осылай арам пиғылдарын іске асыруды жалғастыра беретін болса, онда бұдан да зор күнә жасайтындарын Құдай көрді.

Frame 04-03

Сонда Құдай адамдардың тілін әртүрлі тілдерге өзгертіп, оларды жер бетіне бытыратып жіберді. Олар тұрғызып жатқан қала «Бабыл» деп аталды, ол «бытырау» деген мағынаны білдіреді.

Frame 04-04

Жүздеген жылдардан кейін Құдай Ыбырам деген адамға сөзін арнап, былай деді: «Ыбырам, сен еліңді және туған-туыстарыңды тастап, Мен көрсеткен елге көш. Мен сені жарылқаймын әрі сенен үлкен халық өрбітіп шығарамын. Сенің атыңды шығарамын. Саған батасын бергендерді жарылқаймын, сені қарғағандарды қарғаймын. Жер бетіндегі бүкіл халықтар сен арқылы Менің ақ батама ие болады».

Frame 04-05

Ыбырам Құдайдың айтқанын орындады. Ол өзінің әйелі Сарайды және қызметшілері мен бар мал-мүлкін алып, Құдай көрсеткен Қанахан еліне барды.

Frame 04-06

Ыбырам Қанахан жеріне келгенде, Құдай былай деді: «Айналаңа көз таста. Мен осы жерді саған және сенің ұрпақтарыңа мәңгілікке беремін». Осылайша Ыбырам сол елде қоныстанып қалды.

Frame 04-07

Сол жақта Мәліксадық есімді Жаратқан Иенің діни қызметкері болған еді. Ыбырам немере інісі Лұтты жау қолынан босатып алғаннан кейін, Мәліксадықпен кездесті. Сонда Мәліксадық: «Көк пен жерді жаратқан Құдай Ыбырамды жарылқай гөрсін!» — деп, оған ақ батасын берді. Содан кейін Ыбырам қолындағы барының оннан бір бөлігін Мәліксадыққа сый-тарту ретінде қалдырып кетті.

Frame 04-08

Арада көп жыл өтті, бірақ Ыбырам мен Сарайдың әлі балалары болмады. Сонда Құдай оған ұл сыйлайтыны және оның ұрпағының аспандағы жұлдыздардай көп болатыны жөнінде уәде етті. Ыбырам Құдайдың уәдесіне сенді, сондықтан Құдай оны Өзінің алдында ақтады.

Frame 04-09

Содан кейін Құдай Ыбыраммен келісім жасады. Негізі келісім екі адамның арасында белгілі бір міндеттерді орындау мақсатында жасалады. Бірақ осы жолы Құдайдың Өзі Ыбыраммен келісім жасап, оған мұрагер болатын ұл сыйлайтыны туралы уәде берді. Құдай осы келісімді жасаған кезде, Қанахан жерін Ыбырамның ұрпағына беретінін айтты. Содан кейін Құдай Ыбырамның түсінде оның ұрпағына не болатынын көрсетті. Бұл жайттардан кейін көп уақыт өтті, бірақ әлі Ыбырамның ұлы болмады.

Жаратылыстың басталуы 11-15- тарауларынан алынған Киелі кітап әңгімесі