kk_obs/03.md

7.3 KiB
Raw Permalink Blame History

3. Топан су

Frame 03-01

Көп жыл өтіп, жер беті адамдарға толды. Олар зұлым да қатыгез болды. Адамдардың бұзылғаны соншалық, Құдай оларды жер бетінен топан су арқылы құртпақ болды.

Frame 03-02

Барлық адамдардың арасында тек Нұх қана Құдайдың көңілінен шықты, себебі ол ғана зұлым адамдардың арасында әділ өмір сүрген еді. Құдай оған жер бетіне топан су қаптататыны туралы айтып, үлкен кеме тұрғызуды бұйырды.

Frame 03-03

Құдай Нұхқа ұзындығы 140 метр, ені 23 метр, биіктігі 13,5 метр болатын кеме соғуды тапсырды. Кеме мықты ағаштан жасалып, оның 3 қабаты, көп бөлмесі және шатыры мен терезелері болуы керек еді. Нұх пен оның отбасы және жануарлар осы кеме арқылы құтқарылуға тиіс болды.

Frame 03-04

Нұх Құдайға мойынсұнып, үш ұлымен бірге кемені Құдай бұйырғандай етіп тұрғызды. Кеме өте үлкен болғандықтан, оны тұрғызу үшін көп жыл керек болды. Нұх адамдарға жер бетін топан су қаптайтыны туралы ескертіп, адамдарды Құдайға бет бұруға шақырды. Әйтсе де адамдар оған сенбеді.

Frame 03-05

Құдай Нұхқа өзінің отбасына, бүкіл аңдар мен құстарға жететіндей тамақ қорын жасап алуды бұйырды. Барлығы дайын болғанда, Құдай Нұхқа үй ішімен кемеге кіретін уақыттың жеткенін айтты. Нұх өзінің үш ұлы, әйелі және келіндерімен бірге 8 адам болып кемеге кірді.

Frame 03-06

Олар топан судан құтқарылу үшін Құдай Нұхқа аңдар мен құстардың әр түрінен, сонымен бірге құрбандық шалуға болатын жануарлардың әрқайсысынан жеті жұптан алып кіруді бұйырды. Барлығы кемеге кірген соң Құдайдың Өзі есікті жауып тастады.

Frame 03-07

Содан кейін жаңбыр құйып жауа бастады. Қырық күн, қырық түн бойы жер бетін топан су қаптады. Су жер астынан да атқылап жатты. Судың көтерілгені сонша, тіпті ең биік тау шыңдары да көрінбей қалды.

Frame 03-08

Жер бетіндегі адамдар мен малдардың бәрі жойылды, тек кемеге кіргендер ғана топан судан құтқарылып аман қалды.

Frame 03-09

Жаңбыр тоқтағаннан кейін кеме бес ай бойы судың бетінде жүзіп жүрді. Содан кейін су ақырындап тартыла бастады. Бір күні кеме таудың үстіне тоқтады, бірақ жер бетін әлі су басып жатқан еді. Үш айдан кейін таудың шыңдары көріне бастады.

Frame 03-10

Тағы қырық күн өткенде Нұх жердің құрғағанын білу үшін бір қарғаны ұшырып жіберді. Қарға жер беті құрғағанша, келіп-кетіп ұшып жүрді, бірақ қонатын жер таба алмады.

Frame 03-11

Содан кейін Нұх бір көгершінді сыртқа ұшырып жіберді, бірақ ол да қонатын жер таппай, Нұхқа қайта ұшып келді. Бір аптадан кейін Нұх сол көгершінді тағы да ұшырып жіберді. Бұл жолы ол зәйтүн ағашының бір жапырағын тұмсығына қыстырып ала келді. Жер бетіндегі су тартылып, өсімдіктер қайтадан өсе бастаған еді!

Frame 03-12

Нұх тағы жеті күн күте тұрып, үшінші рет қайтадан бір көгершінді ұшырып жіберді. Бұл жолы көгершін қонатын жер болғандықтан, қайта оралмады. Жер құрғап қалыпты!

Frame 03-13

Екі айдан кейін Құдай Нұхқа былай деді: «Өзің және отбасың кемеден шығыңдар! Жануарлардың бәрін сыртқа алып шық. Балаларың мен немерелерің көп болсын! Жер бетін толтырыңдар!» Содан кейін Нұх отбасымен кемеден шықты.

Frame 03-14

Жерге түскеннен кейін Нұх құрбандық шалатын орын жасады. Ол құрбандық шалуға жарамды малдардың әр түрінен бірнешеуін таңдап алып, құрбандыққа шалды. Құдай мұндай құрбандыққа риза болды, сөйтіп Нұх пен оның отбасына оң батасын берді.

Frame 03-15

Құдай тағы былай деді: «Адамдар бала кезінен зұлымдыққа бейім болса да, әлемді топан сумен құртып жібермеймін, олардың зұлым істеріне бола енді ешқашан жерді қарғамаймын».

Frame 03-16

Құдай Келісімнің белгісі ретінде алғашқы кемпірқосақты орнатты. Аспанда кемпірқосақ шыққан сайын Құдай тіршілік иелерімен жасасқан Келісімін есіне алады.

Жаратылыстың басталуы 6-8-тарауларынан алынған Киелі кітап әңгімесі_