kk_obs/40.md

4.7 KiB
Raw Permalink Blame History

40. Исаның айқыш ағашқа шегеленуі

Frame 40-01

Исаны мазақтап, қамшымен соқтырғаннан кейін, жасақшылар Оны айқышқа шегелеп өлтіру үшін алып кетті. Олар Исаны Өзінің айқыш ағашын арқалап жүруге мәжбүрледі.

Frame 40-02

Исаны Ғолғота, яғни “Маңдайтөбе” деген жерге алып келді. Сол жерде Оны айқыш ағашқа керіп, аяқ-қолдарын шегелеп тастады. Иса аспанға қарап: “Әке, оларды кешіре гөр! Олар не істеп жатқандарын түсінбейді” — деді. Исаны шегелегеннен кейін Оның басынан жоғары айқыш ағашқа бір тақтайшаны бекітіп қойды. Пилаттың әмірі бойынша сол жерде “Яһудейлердің Патшасы” деген жазу болды.

Frame 40-03

Жасақшылар Исаның киімін алу үшін жеребе тастады. Осылайша Киелі жазбалардың: “Олар Менің киімімді бөліп алып, оған жеребе салады” деген пайғамбарлық сөздері орындалды.

Frame 40-04

Исаның қасында жасақшылар екі қарақшыны айқышқа шегелеп, Оның екі жағына қойды. Қарақшылардың бірі Исаны келекелей бастады, ал екіншісі оған: “Құдай сені жазалайды деп қорықпайсың ба? Біз өз қылмысымыз үшін кінәліміз, бірақ бұл Адам кінәсіз”. Содан кейін ол Исаға қарап: “Патшалығыңа келгенде, мені есіңе ала гөр”, — деді. Иса оған: “Бүгін-ақ сен менімен бірге жұмақта боласың”, — деп жауап берді.

Frame 40-05

Тобырдағы адамдар, діни қызметкерлер, дін мұғалімдер мен рубасылар Исаны мазақ қылды. Олар Исаға: “Егер де Құдайдың Ұлы болсаң, айқыштан түсіп Өзіңді құтқарып ал! Сонда біз Саған сенетін боламыз” — деді.

Frame 40-06

Кенет тал түсте аспанды қараңғылық басты. Ол үш сағатқа созылды.

Frame 40-07

Содан кейін Иса қатты дауыспен айқайлап: “Енді түгел орындалды! Әке, Сенің қолыңа Рухымды тапсырамын” — деді. Мұны айтқаннан кейін Иса жан тәсілім етті. Кенеттен жер сілкініп, киелі үйдегі шымылдық жоғарыдан төменге дейін қақ айырылып, екіге бөлінді.

Frame 40-08

Осылай Иса Өзінің өлімі арқылы бүкіл адамзатқа Құдайдың алдына келетін жолды ашып берді. Исаны күзетіп тұрған адам, осының бәрін көргенде былай деді: “Бұл адам шынымен кінәсіз екен. Ол — Құдайдың Ұлы”.

Frame 40-09

Содан кейін яһуда кеңесінің мүшесі Жүсіп пен парызшыл Нікөдім екеуі Пилатқа келіп Исаның мәйітін сұрады. Олар Исаның Мәсіх екеніне сенетін. Жүсіп пен Нікөдім Исаның мәйітін кебінге орап, жартаста үңгіп жасалған қабірге апарып қойды. Бұдан кейін қабірдің кіреберісін үлкен таспен жауып қойды.

Матай 27:27-61, Марқа 15:16-47, Лұқа 23:26-56 және Жохан 19:17-42 үзінділерінен алынған Киелі кітап әңгімесі